Понедельник, 06.05.2024, 21:55
Главная Регистрация RSS
Приветствую Вас, Гость
Меню сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Вход на сайт

Сайт живет...
WOweb.ru - Scripts - JavaScript - Дни существования сайта
Поиск
Главная » Файлы » Конкурс эссе по обновлению СО » Эссе с казахским языком обучения

КЭК12 «Менің ҚР орта білім берудің жаңартылған мазмұнының идеясын іске асыруда мектеп жаттықтырушысы ретінде қосқан үлесім»
[ Скачать с сервера (19.4 Kb) ] 22.04.2017, 21:17

 

«Менің ҚР орта білім берудің жаңартылған мазмұнының идеясын іске асыруда мектеп жаттықтырушысы ретінде қосқан үлесім»

Біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр – жаңа заман, жасампаз қоғам, озық идеялар мен жаңа технологиялар дәуірі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу және жетілдіру – бүгінгі мектеп мұғалімдерінің еншісінде»,-деп атап көрсетті. Ендеше толассыз ақпараттар ағыны аясында зымыран қозғалысындай жылдамдықпен дамып жатқан АКТ, инновациялық технологиялар заманында өзін-өзі дамытып отыру – қазіргі заман педагогінің міндеті.   

Қазіргі таңдағы еліміздегі өзгерістер – тұрақты дамудың жаңа стратегиялық бағыты, қарқындылығы, қоғамның ашықтығы, жедел ақпараттану білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Осы өзгерістерді жүзеге асыру ұстаздардың біліміне, кәсіби шеберлігіне байланысты. Ұстаздардың өзі адами құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза, қазіргі жаңалықтар легіне ілескен, қазіргі кезең талабына сай өскелең ұрпақты білімді, мәдениетті,ұшқыр ойлы, халқының салт-дәстүрін қадірлей білетін, Отанын сүйетін азамат дәрежесіне тәрбиелейтін шебер, кәсіби маман болуы міндетті. Ұлы ұстаз А.Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыру дағдысы» деп бекер айтпаған. Кәсіби шебер, білікті ұстаз ғана функционалды сауаттылығы қалыптасқан, яғни өз білімін өмірде қолдана алатын ұрпақ тәрбиелей алатыны хақ.

Елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында жүргізіліп жатқан өзгерістер мектеп мұғалімдерінің оқыту тәжірибесін жетілдіруді қажет етеді.

Сындарлы оқыту теориясы – орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген танымал оқыту әдістемелері арасында кең тараған тәсілдердің бірі. Бұл теория оқушылардың ойлауы олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дереккөздерден, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла дамиды деген тұжырымға негізделеді. Сындарлылық теориясына негізделген оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Бұл теорияны басшылыққа алу әр мұғалімді жаңашылдыққа жетелейді. Жылдар бойы түсіндіру арқылы дайын білім беруге негізделген дәстүрлі оқытуға үйреніп қалған ұстаздардың жаңа білім беру мазмұны жағдайында табысты оқытуға қадам басуы, оны жүзеге асыруы оңай шаруа емес. Дәл осы жерде «Тәжірибедегі рефлексия» курсы ауадай қажет-ақ.

Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының идеясын іске асыруда мектеп мұғалімдерінің білімдерін жетілдіру, оларды даярлау – мектеп тренері ретінде негізгі міндеттерімнің бірі деп білемін. Мектеп тренерлері курсы мұғалімдердің тәжірибесін арттыру мен оларға қолдау көрсету, педкадрларға оқушылардың шығармашылық, зерттеу, сын тұрғысынан ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға көмектесетін педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерту мақсатын көздейді. Курс бағдарламасынан оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыратын нәтиже күтіледі. Бұл нәтиже сындарлы оқыту теориясына негізделген білім беруді жүзеге асыратын әр мұғалімнің өз жұмысынан күтілетін нәтижесімен астасып жатыр. Бағдарламаның өзектілігі Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсат-міндеттерімен үйлеседі. Бағдарламаның міндеттеріне мұғалімдерді үздіксіз кәсіби дамуға дайындаумен қатар төмендегідей дағдылардың қалыптасуын қамтамасыз етеді:

  • Оқыту үдерісін жоспарлау;
  • Оқушыларды оқу үдерісіне тарту;
  • АКТ құралдарын тиімді қолдану;
  • Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;
  • Оқушыларды тиімді түрде жүйелі бағалау;
  • Өзінің оқыту үдерісі туралы рефлексия.

Сондай-ақ бағдарлама оқыту мен оқуға жетекшілік ету, өзінің дамуы және басқаларды дамыту, инновациялар мен өзгерістерді енгізуге жетекшілік ету, жергілікті қауымды бірлескен жұмысқа тарту сияқты төрт маңызды кәсіби тәжірибеге сәйкес құрылымдалған.

Мектеп тренері еңбекқор, ізденімпаз, өз-өзіне сенімді, көшбасшы, жаңашыл сияқты жеке құнды қасиеттеріне қоса, «Тәжірибедегі рефлексия» атты кәсіби даму бағдарламасын жүзеге асыра отырып, сабақты дұрыс жоспарлауға, талдай алуға, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана білуге үйретуге міндетті. Сондай-ақ мектеп тренері ретінде төмендегі талаптарды сақтауға да тиіспін:

  1. Кәсіби шеберлік және кәсіби даму. Яғни кәсіби мінез-құлықтың жоғары стандарттарын сақтай отырып, барлық тыңдаушылармен адал, сындарлы, сыйластыққа, сенім мен қолдау көрсетуге негізделген қарым-қатынас орнатамын.
  2. Тиімді оқытуға арналған жоспарлау. Тыңдаушылардың қажеттіліктеріне жауап беретін, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді қамтитын оқу бағдарламаларын жоспарлаймын.
  3. Оқытудағы уәждеу тәсілдері. Адамдарды оқуға және өмір бойы білім алушы болуға ынталандырамын.
  4. Барлық мұғалімдерді жұмысқа тарту және тапсырма беру. Тыңдаушылардыңң барлығын қызықтыратын және қатысуға шақыратын оқыту мен оқудың көптеген стратегияларын қолданамын.
  5. Мониторинг, бағалау және кері байланыс. Оқу үшін бағалау қағидаттарын ұстана отырып, оқуды бақылау, қолдау және тексеру үшін жауап алу мен тыңдаудың тиімді әдістерін пайдаланамын.
  6. Бағамдау әдістері. Түрлі дереккөздерден алынған ақпараттарды пайдалана отырып, өзімнің оқуым мен тәжірибем туралы ойланып, бағамдаймын.

Мектептің оқыту және оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізудегі алғашқы сабақтарым мектеп мәдениетін қалыптастырып, жылы қарым-қатынас, сенімділік ортасын орнатуға арналды. «Сөзіңе қарап танитын, ісіңе қарап сынайтын» мектеп тренеріне тән тұлғалық қасиеттерді сақтай отырып, курсқа қатысушы мұғалімдерді тек тыңдаушыға емес, белсенді әрекет етуші тұлғаға айналдырып, жетекші сұрақтар қою арқылы проблеманы шешу жолын өздеріне тапқызамын. Дәстүрлі оқыту мен табысты оқытудың, белсенді және белсенді емес сыныптың аражігін ажыратуда мұғалімдердің өз тәжірибелеріне сүйендім. Үлестірме материалда миға шабуыл әдісін пікірталастың айрықша еркін түрі, проблеманы шешу үдерісіндегі бір саты, топтық жұмыстың арнайы әдісі деп береді. Қайсысын алсақ та, миға шабуылдың мақсаты – идеялар тудыруды қамтамасыз ету екенін ұқтым. Педагогикалық әдіс-тәсілдердің тың түрі ретінде бейнеталдау, кинометафора, кейстер әдісі, дөңгелек үстел, модерация, социометрия, тақырыптық жаттығуларды топтық жұмыс негізінде талдап, оны тәжірибе жүзінде іске асыру арқылы оқып-үйрендік. Тақырыптық жаттығулар тыңдаушылардың жаңа дағдыларды жеке-жеке пысықтауына бағытталса, модерация тыңдаушылар бірдей түсінетін және қабылдайтын, бірыңғай критерийлері бар жаңа ұғымды топ болып өндіруге мүмкіндік береді. Әр әдістің іске асыру алгоритмдері мен өткізу үлгілері бар. Және бұл әдістерді сабақтың мағынаны тану кезеңінде өткізген өте тиімді екеніне көңіл бөлдік. Рефлексия туралы білімдерімізді қайталай отырып, үлестірме материалда берілген 20 түріне қоса, өз тәжірибемізде қолданып жүрген рефлексия түрлерін ортаға салып, бір-бірімізбен тәжірибе алмастық. Рефлексия мен кері байланыс арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға саралау жұмыстарын жүргізіп, сабақта оларды қалай тиімді қолдануға болатыны жөнінде ой бөлістік. Сабақта қолданып жүрген сергіту жаттығуларымыз бен рөлдік ойындарымызды тағы бір елеп-екшеп, олардың психологиялық, логикалық негізде болуына мән бердік. Сабақ мақсатын белгілеу, сабақ жоспарын құру, сабақта бағдарлама тақырыптарын ықпалдастыру, сабақты зерттеу әдістері де назардан тыс қалмады. Сабақты жоспарлауда  бағыттаушы (көп сөйлемейтін) мұғалімнің іс-әрекеттерінің мақсатпен сәйкес келуі, оқушылардың қызығушылығы, белсенділігі, табысқа қол жеткізуі, бағалау және сұрақтардың сапасы сәтті сабақтың айқын белгісі болатынына көз жеткіздік.

Мұғалімдермен бірге оқып-үйренген дүниелерімізді саралай келе, теория мен практиканы ұштастырғанымыз, яғни талқылаумен қатар үйренгенімізді тәжірибе жүзінде іске асырғанымыз өте тиімді болды.

Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының идеясын іске асыруда «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренері ретінде аз да болса өз үлесімді қоса білдім деп есептеймін. «Сен еш жаңа нәрсе меңгермеген және өзіңнің біліміңе ештеңе қоспаған әр күнді немесе әр сағатты бақытсыз сана» деген Я.Коменскийдің сөзін басшылыққа ала отырып, өмір бойы білім алуға ұмтыламын.

Тәуелсіздікті ту етер талантты ұрпақты оқытушы біздер замана ағымынан шет қалмай, ақпарат арнасынан аларымыз көп, асар асуымыз да мол болуы шарт. Жаңалықты жатсынбас жан-жақты тәрбиеші-педагогтің басым бағыты осы болмақ қазіргі уақытта, яғни әр ұстаз – әр кез жаңалық көшбасшысы болуға тиіс! Сондай-ақ аялдамалары қызық пен қиындықтан құралған ұстаздықтың ұзақ жолында алдыма қойған мақсатым бар. Ол – жүрегі мейірім мен ізгілікке толы, адал, еңбекқор, отансүйгіш, заманауи білім мен танымды қабылдай отырып, өз бастауынан алған нәрін жоғалтпайтын рухы мықты тұлға тәрбиелеу. «Қазақ ақылының аздығынан азбайды, ақылдының сөзін алатын жүрегінде жігер мен қайраттың байлауының жоқтығынан азады» деген ұлы Абайдың сөзін өнеге тұтып, еліміздің ұрпағын тәрбиелеумен қатар жаңашыл педагогтарды оқыту да басты назарымда болмақ. Мағжанша айтсақ, «... өз ұлтын сүйіп, ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылатын» қазіргі заман педагогі болу, білім әлеміндегі өзгерістерге өз үлесімді қосып отыру өмірлік ұстанымым болып қала бермек.

 

Категория: Эссе с казахским языком обучения | Добавил: Administrator
Просмотров: 1168 | Загрузок: 15 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 4
avatar
1 aliya22041 • 22:31, 27.04.2017
Эсседе тақырып өте жақсы ашылған.ұстаз өз тəжірибесін  көрсете білген
avatar
2 Бактыгалиевна • 10:56, 28.04.2017
Жаксы жазылган.Эссеңіз маган ұнады
avatar
3 Амангалиевна • 11:04, 28.04.2017
маған ұнады .Өте жақсы жазылған
avatar
4 Мералиевна • 21:26, 29.04.2017
Эссеңіз ұнады
avatar